Популярные тэги

Кеңесшілер мен көмекшілер: Тоқаев ел тағдырын кіммен ақылдасып шешеді?

Президент ел саясатына қатысты тағдыршешті шешімдерді жалғыз қабылдамайды. Тоғыз кеңесшісімен ақылдасып, төрт көмекшісінің жәрдеміне жүгінеді. Олар кімдер?


18/02/2026
08:58 248 0

Тоқаевтың айналасында ішкі-сыртқы саясаттың стратегиялық қадамдарын айқындайтын адамдар бар. Экономиканы дамыту, қауіпсіздікті бекемдеу, алыс-жақын көршімен сыйластыққа сызат түсірмеу, әлеуметтік реформаларды өрістету, халықпен коммуникацияны жолға қою секілді басым бағыттардың әрбірін президент Ақордадағы сол топпен талқылайды. Өзінің көзі жетпегенді көмекшілерімен кеңеседі. Екіұшты пайымдарын ақылшыларының призмасына салып таразылайды.

 

Десе де, президент кеңесшілері мен көмекшілерінің жұмысы әдетте қоғам назарынан тысқары қалады. Нәтижесін көруіміз мүмкін, бірақ процесс халыққа ашыла бермеймін қалың перденің арғы жағында.

 

Masa media тілшісі Ақордада қабылданатын шешімдерге ықпал ететін, Тоқаевтың бастамаларын іліп әкететін шенеуніктердің кім екенін, қай салаға жауап беретінін жіпке тізді.

 

Кеңесшілер: кім қандай ақыл қосады?

 

Оң қапталдағы Қарин

 

Ақорда сайтындағы Президент әкімшілігінің құрылымы көрсетілген тізімді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастап тұр. Көп ұзамай оның есімі бұл тізімнен алынады. Өйткені Ұлттық құрылтайда Тоқаев Қазақстанда мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылатынын мәлімдеді. Осы жаңалықты жариялаған тұста Тоқаевтың Қаринға бұрылып: «Ренжіме» деп күлуі желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік  шенеунікті бұдан жоғары лауазым күтіп тұрғанын сеніммен айтып жатты. Ал конституциялық реформа межесіне жеткенше ол мемлекеттік кеңесші қызметін атқара бермек.

 

Мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі мен өкілеттіктері туралы жарлыққа Тоқаев 2022 жылғы маусым айында қол қойған еді. Бұл лауазымға бұрынғы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин лайық деп танылды.

 

 

Ол президентке ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды, әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді, мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың(11 орган) қызметін үйлестіреді, өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар береді.

 

Еңбек жолын география және тарих пәндерінің мұғалімі болып бастаған Ерлан Қарин 2000 жылдардың басында Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін, Антитеррористік бағдарламалар орталығын, Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарған. Біраз уақыт Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болды. Ал Тоқаевпен етене жұмыс істегенге дейін  «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамын басқарды.

 

2019 жылғы сәуірде, яғни Тоқаев ел билігін қолға алған бойда  Қаринді өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Бір жылдан кейін көмекшісі қылды. Ал Қаңтар оқиғасынан соң мемлекеттік хатшы қызметін ұсынды. Бұл қызметті жарты жыл атқарған соң Қарин президенттің жаңа жарлығы бойынша мемлекеттік кеңесші болды. Содан бері ол елдегі маңызды жиындар, шешуші кездесулердің бәрінде Тоқаевтың оң қапталында отырады.

 

Қызметі мінсіз журналист

 

Экс-президенттен мемлекет тізгінін қабылдап алған уақытта Тоқаев өзіне кеңесшісі етіп тағайындаған тағы бір адам – Бауыржан Омаров. Содан бері  президенттің оған деген сеніміне селкеу түспей келеді. Ақордада тұжырымдалған идеялардың қайсысы Омаровтың ойынан туғаны, қабылданған қаулы-қарардың қайсысына оның ықпалы бары бізге беймәлім. Кеңесшілікті көп жыл кәсіп еткеніне қарағанда ақпарат және білім саласындағы толағай тәжірибесі Президент әкімшілігінің көп кәдесіне жарап тұрса керек.

 

Бауыржан Омаров – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитетін басқарған. «Литер-Media» ЖШС атқарушы директоры, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры болды. 2011 жылдан бастап президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеді: әуелі сектор меңгерушісі, кейін баспасөз хатшысының орынбасары болды.

 

 

Өмірбаянында хатталған көп марапаттарының арасында көзге ерекше түсетіні – Президент әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі. Экс-президентке қалтқысыз қызмет етіп, Тоқаевтың қасында да жанын салып еңбек сіңіргендер көп емес. Омаров сол санаулылардың қатарында.

 

Руханиятты ұйыстыратын Отарбаев

 

4 жылдан бері Тоқаевтың ақылшылары қатарынан түспей келе жатқан тағы бір шенеунік – Мәлік Отарбаев.

 

 

Негізгі мамандығы  – халықаралық қатынастар болғанымен, көп жыл ақпарат және мәдениет салаларында еңбек еткен. «Диалог Еуразия» –  Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма хатшысы және сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениетін дамыту ұйымындағы өкілі болды. Кейінірек Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. «Қоғамдық келісім», «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы»  мекемелерін басқарды. 2022 жылы Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындаларға дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі болған.

 

Мұнайдың тілін білетін Мырзағалиев

 

Тоқаевтың тағы бір кеңесшісі – Мағзұм Мырзағалиевтің есімін қазақстандықтар мұнай-газ саласымен байланыстырады. Еңбек жолын Теңіз кен орнында инженерліктен бастап, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның энергетика министрі лауазымдарына дейін көтерілген Мырзағалиевтің мансап жолы елдің басты табиғи байлығы – қара алтынмен біте қайнасып жатыр.

 

 

2019-2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болғанын есепке алмағанда шенеунік ширек ғасырға жуық ғұмырын мұнай-газ саласына арнады. Ел мұнайшыларының толассыз наразылықтары, тіпті жаңаөзендік жұмысшылардың Астанаға дейін келіп ереуілдетуі Мырзағалиевтің «ҚазМұнайГазды» басқарған уақытымен тұспа-тұс келді.

 

Ал Тоқаевтың кеңесшісі қызметіне шенеунік 2025 жылдың ақпанында тағайындалды. Ол бұл қызметті 2022 жылдың басында да 3-4 ай атқарған.

 

Ең жас кеңесші

 

Кеңесшілердің ішіндегі ең жасы – Марат Әшім. 39 жаста. Халықаралық қатынастар, экономика және бизнес мамандықтары бойынша білім алған.

 

Мемлекеттік қызметке 2009 жылдан бастап келген. Сол жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі әкімшілік және бақылау департаментінің атташесі болды. 2012 жылдан бері президенттің Протокол қызметінде табан аудармай жұмыс істеп келеді. Әуелі референт, сарапшы болса, кейін сектор меңгерушісі, бастықтың орынбасарына дейін көтерілген.

 

 

Мансап жолымен мақсатты түрде өрлеген Әшім 2023 жылы Протокол қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды. Былтырғы қыркүйектен бері бұл лауазымымен қатар Тоқаевтың кеңесшісі қызметін атқарып жүр.

 

Жас та болса «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып үлгергеніне қарағанда Марат Әшімнің Тоқаевқа кеңес бере алатындай тәжірибесі бар сияқты.

 

Экономиканы індете зерттеген Сапиев

 

Президент ақылшылары қатарына кейіннен қосылғандардың бірі – Бақытжан Сапиев. 60 жаста. Экономика ғылымдарының кандидаты.

 

Еңбек жолын Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушылықтан бастаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап 2012 жылға дейін Алматы қаласындағы аудандық әкімшіліктерде инспекция басшысы, бөлім басшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған.

 

 

2018 жылы Астанаға ат басын бұрып, әуелі Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болды.

 

Президент әкімшілігіне 2020 жылы келді.  Әуелі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде меңгерушінің орынбасары, кейін меңгеруші болды. 2025 жылдың қыркүйегінде Тоқаев Жарлық шығарып, Сапиевті өзіне кеңесші болуға лайық деп тапты. Ақпараттық ресурстарда оның нақты қай сала бойынша кеңес беретіні жөнінде дерек жоқ. Бірақ ғылыми атағына қарап көпшілік Ақорданың ел экономикасына қатысты шешімдерінің артында Сапиев тұрған болуы мүмкін деп топшылайды.

 

Халықаралық саясат сарапшысы

 

Халықаралық мәселелерге келгенде Тоқаев Ернар Лазардың кеңесіне жүгінеді.  40 жастағы дипломат өз саласының тісқаққан маманы.

 

Еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде бастаған. Қазақстанның Жапониядағы елшілігінде, кейіннен министрліктің Азия және Африка департаментінде жұмыс істеген. 2013-2017 жылдары Қазақстанның Нидерландтағы екінші, бірінші хатшысы, 2017-2018 жылдары  Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің кеңесшісі болды.

 

 

Соңғы 6 жылда Президент әкімшілігінде мансап баспалдағымен сатылай өсті.  2018 жылдың қаңтарынан бастап Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің консультанты, инспекторы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. 2023 жылдың ортасында қызметі тағы өсіп, аталған бөлімнің меңгерушісі лауазымын алды.

Былтыр қыркүйекте Ақордадағы  ауыс-түйістер кезінде Тоқаевтың кеңесшілері сапына қосылды.

 

Дәрігер кеңесші

 

Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі – Алексей Цой. Көпшілік оны әлемді есеңгіреткен COVID пандемиясы кезінде ел медицинасының тізгінін ұстаған министр ретінде таниды. Алайда ол уақытта жұрт оның менеджерлігін місе тұта қоймады. Аурудың таралуына байланысты енгізілетін шектеу шараларының қатаңдығы, тұрақсыздығы, дәрігерлердің ауыр жүктемесі, кейбір аймақта жалақы мен қосымша төлемдердің уақтылы төленбеуі, ауруханаларда оттегі концентраторлары мен қорғаныш құралдарының жетіспеуі секілді проблемалар салдарынан сынға көп ілікті.

 

 

Пандемия кезінде батыл шешімдерімен көзге түсе алмағанымен, Цой медицинаны да, менеджментті де індете оқыған адам. Еңбек жолын хирург-эндоскопист дәрігер болып бастаған. Кейінірек ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының басшысы, Астанадағы №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері болды. 2014 жылы Үкіметтегі қызметі басталады. Әуелі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, одан соң ведомстволар бөлінгенде Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болды. 2020 жылдың маусымында – пандемияның шарықтау шегінде министр қызметіне тағайындалды. Министрлікті небары 1,5 жыл басқарған соң ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығына жетекші болып қайта барды.

 

Өткен жылдың қазанында Цой Ақордада орнықты. Әлеуметтік саланың түйткілдерін шешерде Тоқаев соның кеңесіне жүгінеді.

 

Ақпараттық саясатты үйлестіруші

 

Тоқаевтың ең соңғы тағайындалған кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы – Айбек Смадияр. 29 қаңтардан бастап қызметіне кірісті. Оның басты міндеті –  ақпараттық саясатты ұйыстыру, президенттің қоғамдағы беделін сақтау, қоғаммен байсалды байланыс орнату, қысқа қайырғанда – Ақорданың көзі, құлағы һәм тілі болуы тиіс.

 

Смадияров – кәсіби дипломат. 2006 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінде табан аудармай жұмыс істеген: хатшы, атташе, Коммуникациялар департаментінің директоры, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі болды.

 

 

Ол президент әкімшілігіне өткен жылдың соңында келді. Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін небәрі 1 ай атқарған соң Тоқаевтың кеңесшісі – баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Күні кешеге дейін СІМ-нің нағыз бет-бейнесі саналып, БАҚ пен мемлекеттік орган арасында жүйелі байланыс орната білген маман Ақорданың ақпараттық саясатын да ақсата қоймас дейді сарапшылар.  

 

Төрт көмекші: кім қай салаға жауапты?  

 

Сенімді стратег

 

Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі – Мұрат Нұртілеу. 50 жастағы шенеунік бұл қызметке 2025 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Ол бұл қызметті 2019 жылы, Тоқаев билікті алғаш қолға алған кезде де атқарған. Эстонияда елші болып жүрген Нұртілеуді бірден қасына алдыруы президенттің оған қалтқысыз сенетінін көрсетеді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі елең-алаң шақта Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындауы да тегін емес. Сарапшылар сол уақытта күштік құрылымдағылардың тұтқындалуына және кадрлық ауыс-түйістерге Нұртілеу тікелей әсер етті деседі.

 

Одан кейін Ақордадағы темірдей тәртіпті қалпына келтіру керек болғанда Тоқаев оған Президент әкімшілігінің тізгінін ұстатты. Сыртқы саясат шатқаяқтай бастағанда Сыртқы істер министрлігіне жіберді. Қазақстанның алыс-жақын көршілер алдындағы беделін бекемдеу дипломатияға талай жылын арнаған азулы маманның қолынан келетінін білді. Қызметіне кіріскен бойда Ресейге аттандырып, күйіп тұрған мәселелердің түйінін тарқатуды тапсырды.

 

 

Кадр саясатында адалдықты бәрінен биік қоятын Тоқаев Нұртілеудің қалтқысыз қызметін жоғары бағалайтыны үнемі байқалады. Артынан сөз ертпейтін тазалығын да саясаттанушылар астын сызып айтатын. Алайда былтыр көмекші болып тағайындалар алдында ол отандық БАҚ-ты бір шулатты. «Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұсталды» деген ақпарат тарап, тілші біткен Үкімет үйін нысанаға алды. Көп ұзамай өзі журналистердің алдына шығып, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Десе де, Мұрат Нұртілеудің белгілі кәсіпкер Гаджи Гаджиевке қамқорлық жасағаны жайлы әңгімелер оның мінсіз мансап жолына сызат түсірмей қоймады.

 

Үкіметте ысылған заңгер

 

Тоқаевтың құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі – Ержан Жиенбаев. Заңгер. Еңбек жолын 2002 жылы Қаржы министрлігі жүйесінен бастаған. 15 жылға жуық уақыт Премьер-министр кеңсесінде мансап сатысымен жоғары өрледі: заң бөлімінің сарапшысы, кеңесші, бөлім меңгерушісі, кеңсе басшысының орынбасары болды.

 

 

2019 жылы Ақордаға ауысты. 4 жыл бойы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылдың қыркүйегінде Тоқаев Жарлық шығарып,  Жиенбаевты өзінің көмекшісі етті. Содан бері күрмеуі көп құқықтық мәселелерді соған жүктейді. Президенттің басқа көмекшілері секілді Жиенбаевты да БАҚ бетінен көре бермейміз, алайда күні кеше Конституциялық реформа жөнінде комиссия мүшелері Ақордаға келіп есеп бергенде оның Тоқаевтың жанынан табылғанын журналистер елеусіз қалдырмады.

 

Тісқаққан идеолог

 

Ішкі саясат мәселелерінде Тоқаев Арман Қырықбаевтың көмегіне арқа сүйейді.

 

Талай жылын үкімет саясатын ілгерілетуге арнаған идеологтың алғашқы мамандығы – экономист. Кейін халықаралық қатынастарды оқып, еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінен бастады. Референт, атташе, хатшы болды.

 

2006 жылы идеология саласындағы қызметі басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2 жыл департамент, 2 жыл комитет басқарды. Министрдің орынбасары болды. «Нұр-Отандағы» қызметі де (қазіргі Amanat) идеологиямен біте қайнасып жатты. Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға қайта оралып,  бұрынғы қызметі – қала әкімінің орынбасарлығын жалғастырды. Досаевтың тілін тауып, ақпараттық саясатқа тікелей жауапты болды.

 

 

2024 жылы Тоқаев Қырықбаевты Ақордаға алдырды. Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің тізгінін ұстатты. Ал былтырғы ақпанда өзінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі етіп тағайындады.

 

Айтпақшы, бір кездері Қырықбаев экс-президенттің оң қолы болған Бауыржан Байбектің сенімді адамы болғанын халық ұмыта қойған жоқ.  Екеуінің Алматы мен Астана ортасында бірге көшіп-қонғаны ел есінде. Байбек 2013-2015 жылдары «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болғанда, Қырықбаев оның кеңесшісі болды.  2015-2019 жылдары Байбек Алматы әкімі болған тұста Қырықбаев оның орынбасары қызметін атқарды. Назарбаев Байбекті Астанаға қайта алдырып,  Nur Otan тізгінін ұстатқанда, ол сенімді серігін өз қасына тағы шақырып алды. Партияның хатшысы етіп тағайындады.

 

Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін Қырықбаев елден ізім-ғайым жоғалған бастығының соңынан кетпей, Қазақстанда қалды. Жаңа ережелерге тез төселді. Тоқаевтың тілін тапты. Бүгінде Ақордада қабылданатын көп шешімге ықпалы бар адам.

 

Байланыстың бабын білетін Есекеев

 

Президенттің төртінші көмекшісі – Қуанышбек Есекеев.

 

Іскерлік басқару магистрі, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын ҚазҰУ-да оқытушылықтан бастаған. 2000 жылдардың басында «Қазақойл» мен «Қазақстан темір жолында» департамент басшысы болды. Кейін Қаржы министрлігі Ақпараттандыру департаментінің директоры, Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасы қызметтерін атқарды. 2010 жылдан 2024 жылға дейін – табаны күректей 14 жыл «Қазақтелеком» акционерлік қоғамын басқарды.

 

 

2024-2025 жылдары әуелі Тоқаевтың кеңесшісі, көп ұзамай көмекшісі болды. Есепке жүйрік Есекеев президентке қаржы саласының қиюы келмейтін тұстарын қиыстыруға көмектессе керек. «Қазақтелекомдағы» талай жылғы тәжірибесі тағы бар. Президент көмекшілерінің қызметі жайлы ресми ақпарат таратылмайтындықтан, Есекеевтің байланыс саласындағы жиған-тергені Ақорданың пайдасына жарап жатқан болар деген болжам ғана жасай аламыз.

Поделиться

Нет комментариев.

18/02/2026 08:58
248 0

Уведомление